logoru
logo

Жұма, 22 Мамыр 2020 - KAZUS.KZ

Нұр-Сұлтан қаласында жеңілдетілген бағамен сатылатын 8 мыңнан астам пәтер салынады

  • Бөлім:  Қоғам

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов құрылыс компаниялары басшыларымен кездесті, деп жазады KAZUS.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап

Онлайн-жиналыста алдын-ала жобалаудың дайындығы, жеке жобалауды жоспарлау, инженерлік желілер мен жүйелердің орнатылуы және т.б. мәселелер талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл құрылыс көлемі артады. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жеңілдетілген бағамен сатылатын 8 мыңнан астам пәтер салынады (2019 жылы 2900 пәтер пайдалануға берілді). Жалпы, биыл тұрғын үйдің жалпы көлемі шамамен 3 миллион шаршы метрге жетті. Жыл басынан бері елордада 637 мың шаршы метр пайдалануға берілді.

«Біз бірлесе алдымызға ортақ міндет қойып, жұмыс жасаудамыз. Ол – азаматтарымыз үшін үй салу. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, құрылыс көлемін арттырамыз, жеңілдетілген бағамен берілетін 8 мыңнан астам пәтер саламыз. Мысалы, өткен жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынды. Әлеуметтік тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға арналған. Яғни, бұл аз қамтамтылған азаматтар санаты, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кезекте тұрған салымшылары. Біз баспанаға кезекті мейлінше жылдамдатуға тырысамыз. Өз тарапымыздан сіздерді қолдауға әзірміз. Бюрократия болмауы керек, қажет болған жағдайда әр құрылыс компаниясымен жеке жұмыс істейміз. Сондай-ақ биыл келесі жылға да жоспар дайындау қажет», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Кездесу барысында Алтай Көлгінов жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа кадрлар алу керектігін айтты. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 мың жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар объектілерде маска кию, қашықтық сақтау, санитарлық тазартқыштар мен дезинфекция құралдарын орнату сияқты қатаң санитарлық ережелерді сақтау қажет.

Толығырақ ...

Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығы тағайындалды

KAZUS.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі танымал журналист Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығын тағайындады, деп жазады "Хабар 24".

Бұл туралы министрліктің телеграм каналы хабарлады.

Ұлттық сыйлықтың басты мақсаты - ардақты азамат, елімізге белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің есімін мәңгілікке сақтап қалу және талантты жас журналистерді тану, олардың кәсіби жағынан одан әрі дамуына жәрдем беру.

Сыйлық 4 номинация бойынша беріледі.

- Әлеуметтік тақырыптағы үздік ТВ-сюжет;

- Әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала;

- Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал (әлеуметтік желі);

- Әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет.

Байқауға телевизия, баспа, интернет журналистиканың және фотосуретшілер, жаңа медиа (әлеуметтік желілер) саланың кәсіби және кәсіби емес жас журналистері (18-35 жас аралығы) қатысып, бағын сынай алады.

Байқау үздіктерін арнайы құрылған қазылар алқасының мүшелері айқындайтын болады. Қазылар алқасының құрамына еліміздің медиа саласының дамуына елеулі үлес қосқан танымал медиа менеджерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері кіреді.

«Жігер» сыйлығына өтініш 2020 жылдың 26 мамыр мен 15 маусым аралығында mdq.kz сайтында қабылданады.

Сыйлыққа қатысты толық ақпаратты (қатысу ережесін) «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ресми сайтынан (mdq.kz) ала аласыз.

Сондай-ақ салтанатты марапаттау журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында хабарланбақ. Еске салсақ, 18 мамырда белгілі журналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Толығырақ ...

Алкоголь ішіп, шылым тартқан адамның мүшелері донорлыққа алына ма?

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. ҚР Ұлттық кардиохирургиялық орталығының басқарма төрағасы Юрий Пя донорлық органдар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз зертханалық деректер арқылы органның клиникалық жағдайына қараймыз. Егер орган жұмыс істеп тұрса, адамның ішімдік ішкені немесе шылым шеккені маңызды емес. Әсіресе жүрекке қатысты. Өкпеде кейбір қиындықтар туындауы мүмкін. Жүрек пен өкпенің жай-күйін бағамдауға көмектесетін арнайы жүйелер бар. Жоғары технологиялар арқылы жүрек пен өкпенің қандай жағдайда екенін анықтай аламыз», - деді Юрий Пя кардиохирургиялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін Юрий Пя коронавирустан қайтыс болғандардың донорлығы туралы айтып берген еді.

«Менің жеке пікірім - әр науқасты дербес қарастыру. Органға мұқтаж адамның санаулы күні қалса, бұл ота оның ұзағырақ өмір сүруіне мүмкіндік берсе, тәуекел ету керек. Бұл - менің жеке пікірім. Адам өмірін тіпті 1 күнге ұзартуға мүмкіндік берсе, бұл мүмкіндікті пайдалану керек», - деді дәрігер.

Еске сала кетсек, Павлодарда инсульттен көз жұмған ер адамның ағза мүшелері 5 адамға сәтті ауыстырылды. Жүрек 35 жастағы ер адамға берілсе, өкпе - 41 жастағы әйелге жаңа өмір сыйлады. Одан бөлек, қос бүйрегі елорданың тағы бір орталығында екі науқасқа сәтті орналастырылды. Ал бауыр Алматыдағы науқасқа жіберілді.

Толығырақ ...

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарын тексерді

  • Бөлім:  Қоғам

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын, сондай-ақ Түркістан қаласында инфрақұрылымның салынуын тексерді, деп хабарлайды KAZUS.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Мақтаарал ауданында Үкімет басшысы тұрғындармен кездесулер өткізіп, Нұрлыжол және Өргебас ауылдарындағы қираған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен, сондай-ақ Мырзакент ауылында су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасыға арналған жаңа шағын ауданның құрылысымен танысты.

Түркістан қаласында А. Мамин жаңбырлатып суару технологиясын енгізумен ауыл шаруашылығындағы ирригация желілерін жаңғырту және тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстарымен танысты.

Үкімет басшысы Түркістан қаласындағы жетекші ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің егіс алқаптарын, материалдық-техникалық базасы мен өнімдерін көріп, жергілікті фермелермен кездесуде өңірдегі агроөнеркәсіп бизнесін одан әрі дамыту бойынша жоспарды талқылады.

Премьер-Министр Түркістан қаласындағы көлік, әкімшілік, әлеуметтік-мәдени және туристік инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстарының барысын тексерді.

Толығырақ ...

Әділбек Ниязымбетов қазір немен айналысып жүргенін айтты

  • Бөлім:  Спорт

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, "Құрмет" орденінің иегері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Әділбек Ниязымбетов қазір Олимпиадалық дайындық орталығында әдіскер болып жұмыс істейді. Ол жас спортшылардың құжаты мен билетіне жауап береді. Спортшы Sputnik Қазақстан тілшісіне карантин кезінде немен айналысқанын, қолғабын шегеге ілгеннен кейін өмірінде қандай жаңалық болғанын және Токио Олимпиадасы жайлы ойын айтты.

"2019 жылдың қыркүйегінен бастап астанада Олимпиадаға дайындау орталығында методист болып қызмет етемін. Карантин кезінде елордада болдым. Үйде кітап оқып, үй шаруасына көмектестім. Үйдің шаруасы ешқашан бітпейді. Көктем кезінде аула тазалаудан бастап, гүл отырғызып, ағаш ектік. Уақыт осылай өтіп кетті",- деді Ниязымбетов.

Айтуынша, Олимпиада орталығында құжаттармен жұмыс істейді. Жас спортшыларды жарысқа жіберер кезде құжаттарын жинап, жол жүру билеттеріне дейін түгендеп отырады.

"Кезінде өзіміз спортшы ретінде жарыстарға барған болсақ, қазір қағаз жағына жауап беремін, әдіскермін. Ол бапкердің көмекшісі деген сөз. Жас спортшыларды сайыстарға жіберетін кезде құжаттарын, жол жүру билеттерін, неше күнге баратынын реттеймін. Оның алдында жинақтау жұмыстары жүргізіледі, ол жерде қандай құжат қажет екенін реттеп, соған жауап беремін", - дейді ол.

Спорт алаңынан кабинеттегі жұмысқа ауысу процесінің қалай жүргенін сұрадық. Ниязымбетов әр істің өз қиындығы бар екенін алға тартты.

"Ештеңе оңай келмейді. Спорт болсын, спорттан тыс жұмыстың да өз қиындығы бар. Қиындыққа төзу керек. Үйренісу қажет. Менде де дәл солай", - деді спортшы.

2018 жылы спорттан кеткен соң бапкер болудан бас тартқан Ниязымбетов әлі күнге дейін ол ойынан айнымағанын жеткізді.

"Жас кезімнен бастап бапкер болуды армандаған жоқпын. Әлі де болғым келмейді. Қазір өзімнің жұмысым бар. Ал бапкер болу үлкен жауапкершілік, өз балаңды қалай тәрбиелесең, алдыңа келген жас жеткіншекке де дәл солай қамқорлық жасап, өз балаңның жетістікке жеткенін қалай қаласаң, дәл солай жанкүйері болуың қажет. Ал бұл көпшілік ойлағандай оңай жұмыс емес, жауапкершілігі де жоғары",- деді ол.

Бала күнінен футболды жақсы көретін спортшы қазақ футболына көңілі толмайтынын жеткізді.

"Қазір де футбол ойнаймын. Ал қазақ футболына көңілім толмайды. Біздің мықты-мықты футбол ойнайтын жақсы спортшыларымыз бар, оларды құрамаға алмайды. Жоғарыда отырған бапкерлер алғысы келмейтін сияқты. Бұрынғыға қарағанда енді дамып, жақсы ойнап келе жатыр. Ішінде қазақ жігіттердің аз болғаны намысқа тиеді", - деді ол.

Сол футболды маған берсе өзім ақ көтерер едім, деп әзілдеді спортшы.

Ал бокс саласында аяқтан тарту, мүмкіндігің, кәсібилігің жетіп тұрса, сайысқа жібермеу, аренаға шығармау деген жоқ, дейді ол.

Айтуынша, бір спортты жақсы меңгерген адам басқа саланы да жетік меңгере алады.

"Спортшы қай спорт түрімен айналысқанына қарамастан, сол саланың қиындығын, дайындығын көреді. Үлкен аренаға шыққан адамдар қай спорт болса да алып кете алды. Футболға қатты берілемін, бірақ бір құраманың қатарына қосылып, сол салаға ауысамын деп айта алмаймын", - деді Ниязымбетов.

Токио Олимпиадасы 2021 жылға кейінге қалдырылды, дей тұрғанмен спортшылар дайындығын тоқтатпай, өз қалпын сақтап қалатынына сенім білдірді.

"Токиода біздің спортшылардың біршама табысқа жететініне сенемін. Ал өзім алаңға шыққан 81 келі салмақта Олимпиадада сайысқа түсетін Бекзат Нұрдәулетов есімді спортшыны ерекше атай аламын. Жас та болса бокста үлкен жетістікке жетіп жүр, қанжығасына Олимпиаданың алтынын байласа деген тілегім бар", - деді ол.

Толығырақ ...

Шымкентте мемлекеттік органдар мен оқу орындары алаңдарынан мемлекеттік қызметтерді алуға болады

  • Бөлім:  Қоғам

Шымкенттегі мемлекеттік органдар мен оқу орындарыны ғимараттарында egov.kz электрондық үкімет порталының бұрыштары пайда болды, деп хабарлайды KAZUS.KZ.

Енді тұрғындар қаладағы 315 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағынан электрондық мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алады.

Әр сектор қажетті құралдармен жабдықталған, келушілер электрондық үкімет порталы мен басқа да мемлекеттік ресурстарға кіре алады. Мекенжайыңызға жақын орналасқан секторларды 2gis бағдарламасы арқылы табуға болады.

Бұл қызмет түрі «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент филиалының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласындағы Департаменті өкілдерінің және 2gis мамандарының бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асты.

Елімізде ТЖ тәртібі алынып тасталғалы ХҚО-да қызмет көрсету тәртібі өзгерді.

Бүгінгі таңда Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан электрондық форматта қолжетімсіз «қағаз» қызметтерді және egov.kz порталында алдын ала рәсімделген дайын құжаттарды ғана алуға болады.

Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамын электронды форматта алуға болады.Олардың барлығы egov.kz порталында қолжетімді.
Енді азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ немесе ХҚО ғимараттарынан өзге әкімдіктер жанындағы фронт - кеңселерде, оқу орындарында және медициналық ұйымдарда орналасатын өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында өз бетінше алуға болады», - деді Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ филиалының директоры Данабек Исабеков.

Электрондық үкімет бұрыштарында ЭЦҚ немесе бір реттік парольді қолдана отырып, әртүрлі электронды анықтамаларды алуға, некені тіркеу үшін өтініш беруге, баланы балабақша кезегіне қоюға, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өтуге, автокөлікті тіркеп, жүргізуші куәлігін ауыстыруға, мемлекеттік бажды төлеуге және т.б. қызметтерді алуға болады.

Толығырақ ...

ШЫМКЕНТ: Базарлар мен қоғамдық көліктердің жұмысы қайта тоқтайды ма?

  • Бөлім:  Қоғам

Шымкент қаласында базарлар мен қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады деген таралған ақпаратқа нүкте қойылды, деп жазады KAZUS.KZ.

Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында базарлар мен қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады деген ақпарат таралып жатқаны белгілі. Осы ақпаратты естіген халық дүрбеленге салынып, халық базарға көптеп барып азық-түліктерін алуда. 

Алайда бұл ақпараттың жалған екендігін Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Арай Есенбек өз Facebook парақшасында былай деп жариялады:

"Келесі аптада қалада базарлар мен қоғамдық көліктердің тоқтайтындығы жөніндегі ақпарат жалған", - деді Арай Есенбек.

Аталмыш ақпараттарды ресми мекемелерден немесе жауапты сала мамандарынан білген абзал. Дүрбеленге салыну қазіргі таңда өте қауіпті екені белгілі, сол себептен сақтық шараларын қолға алып, оны күшейткендеріңіз жөн. 

Толығырақ ...

Қандай таңғы ас ағзаға қауіпті – гастроэнтеролог кеңесі

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Гастроэнтеролог дәрігердің айтуынша, тек ботқа немесе басқа да көмірсулардан тұратын таңғы ас ағзаға қауіп тудырады, деп жазады "Хабар 24".

Ондай таңғы астың салдарынан қант диабеті, артық салмақ пайда болады және асқазан-ішек жолдарының бұзылуы мүмкін. Гастроэнтеролог және диетолог Ирина Потянованың айтуынша, таңғы астың ең қауіпті түрі – негізінен көмірсулардан тұратын тағамдар.

Мұндай таңғы асқа дәнді дақылдар ботқасы (сұлы жармасы, жарма), кондитерлік өнімдер, тәттілер, ақ нан жатады. Дәрігер бұлай таңғы ас ішу қандағы глюкоза деңгейін күрт жоғарылататынын айтты. Салдарынан инсулин гормоны артады, ол глюкоза концентрациясының едәуір төмендеуіне алып келеді және қауіпті жағдай туғызады.

«Қарынның ашуы, әлсіздік байқалады, өйткені миға қант жетіспейді. Содан кейін тамақтансаңыз, глюкоза мен инсулин деңгейі қайтадан көтеріледі. Егер мұндай цикл қайталана беретін болса, бұл көмірсуға деген тәуелділікке алып келеді», - деп ескертті гастроэнтеролог.

Мұндай ауытқулардан артық салмақ жиналады, өйткені инсулин артық глюкозаны майға айналдырады. Сонымен бірге екінші типті қант диабетіне шалдықтыруы мүмкін. Дәрігер құрамында ақуыз, май және талшық түріндегі күрделі көмірсулар бар таңғы ас ішуді ұсынады. Маманның айтуынша, егер тамақтанғаннан кейін ұйқы келе бастаса, онда тым көп көмірсу тұтынғандықтың белгісі.

Толығырақ ...

25 мамырдан бастап Қазақстанның барлық әуежайы жұмысқа кіріседі

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. 25 мамырдан бастап Қазақстанның барлық қалалары арасындағы әуе қатынасы толығымен қалпына келеді, деп хабарлайды zakon.kz.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің хабарлауынша, елдің барлық әуежайлар жұмысқа кіріседі, әуе компаниялары санитарлық-карантиндік шараларды сақтай отырып, рейстер санын дербес анықтауға құқылы.

Рейстер көліктегі бас санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейту жағдайында орындалады, яғни жеке қорғаныс құралдарын қолдана отырып, термометрия, әуе кемесіне отырар алдында әлеуметтік қашықтық және әуежайлар мен әуе кемелерінде кеңейтілген дезинфекция жүргізіледі.

Толығырақ ...

Жұмысынан айырылған қазақстандықтар мемлекеттен әлеуметтік төлем алады

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Жұмысынан айырылған қазақстандықтар мемлекеттен әлеуметтік төлем ала алады, деп жазады sputniknews.kz.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Facebook парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, цифрлық даму министрлігі еңбек министрлігімен бірлесіп жұмыспен қамту бағдарламасын цифрлау мәселесін шешеді. Атап айтқанда, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы және жалпы жұмыспен қамту саласы цифрландырылады.

"Барлығы egov.kz порталында "жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "жұмыс іздеуші тұлғаларды тіркеу" қызметінен басталады. Азамат тіркеле отырып, өзінің жұмыссыз екенін айтып, мемлекеттен жаңа жұмыс орнын табуға көмектесуін сұрайды. Әрі қарай enbek.kz арқылы жұмыс іздеу басталады. Егер қандай да бір себеппен жұмыс табылмаса, азаматқа қашықтан жұмыссыз деген статус беріледі. Сол арқылы азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем ала алады",- деп хабарлады вице-министр.

Лайықты жұмыс табу үшін азаматтарға орталықта мемлекет есебінен қажетті мамандықтар бойынша қайта оқуға мүмкіндік беріледі.

Электронды еңбек биржасында цифрлық форматта қазақстандықтарға келесі қызметтер қолжетімді болады:

  • Қоғамдық жұмыстар (әлеуметтік бағыттағы жұмыссыздар үшін уақытша жұмыспен қамту)
  • Жастар практикасы (мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу)
  • Әлеуметтік жұмыс орындары (жұмыс беруші жұмыссыздар үшін олардың жалақысын субсидиялай отырып құрған жұмыс орындары)
  • "Бизнес Бастау "жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту
  • Шағын кредит беру
  • Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру (еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру)
  • Еңбек ресурстарының мобильдігі (азаматтарды жұмысқа орналастыру немесе мемлекет субсидиялайтын істі ашу үшін жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде көшіру).

Министрлік электронды еңбек биржасы қызметін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу