logoru
logo

Сейсенбі, 19 Мамыр 2020 - KAZUS.KZ

Көңілдесімен бірлесіп "тонау операциясын" ұйымдастырған әйел ұсталды

KAZUS.KZ. Түркістан облысының полицейлері "тонап кетті" деп жалған ақпарат берген әйелді ұстады, деп жазады baq.kz.

Polisia.kz порталының хабарлауынша, Сайрам аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне аудандағы елді мекендердің бірінде тұратын тұрғынның үйіне ұры түскені туралы хабарлама келіп түскен. 

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлеріне жәбірленуші үйіне бетперде киген белгісіз адам кіріп, өзін байлап тастағанын, пышақпен қорқытып, екі миллион теңгесін алып кеткенін айтады. Бұл жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеп, күдіктілерді іздеуге кіріседі. Сайрамдық сақшылар қылмысты ашу мақсатында қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Жақын маңдағы барлық аумақты аралап, тұрғындар мен куәгерлерден жауап алып, қылмыс орнын тексерді. Тергеу барысында жедел уәкілдер оқиға орнынан тонаудың ешқандай нақты іздерін таппаған. Тонау туралы өтірік ақпарат беруі мүмкін деген болжам жасалды. Нәтижесінде полицейлердің бұл болжамы расталып, жәбірленуші полицияға жалған ақпарат бергенін мойындады, - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, әйелі күйеуінен жасырып, көңілдесіне отбасылық ақшадан беріп отырған. Қызды-қыздымен ол екі миллион теңге жұмсап қойып, ақшаның жоқтығын күйеуінен жасырғысы келген. Осылайша, "сүйіктісі" екеуі өздерінше жоспар құрып, "тонап кетті" деп жалған ақпарат беруді шешкен. Сөйтіп, "сері" жігіт "жоспарды" орындау үшін жәбірленуші әйелді байлап, көзінен ұрып, кетіп қалады. Ал отағасы үйге келгенде әйел оған тонаушылардың шабуыл жасағанын айтып, полицияға арыз түсірген. 

Қазір бұл жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы (көрінеу жалған сөз жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қолхатпен босатылды. Сотқа дейінгі тергеудің жинақталған материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау үшін прокуратураға жіберілді.

Толығырақ ...

Қазақстанда коронавируспен күрескендерге арналған медаль даярланып жатыр

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Ашық үкіметтің электронды порталына жүктелген ҚР Президенті Жарлығының жобасында коронавирус инфекциясына қарсы күресте ерекше көзге түскен Қазақстан Республикасының азаматтарын наградтау жайы қарастырылады, деп хабарлайды zakon.kz.

Атап айтқанда, онда "Халық алғысы" медалімен наградтау жайы көрсетілген.

Бұл медальмен наградтауға ұсыныстарды ҚР Президентіне ҚР Парламенті Палаталары, Үкіметі, Конституциялық Кеңесі, Жоғарғы Соты, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер енгізеді.

Медальды Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады.

Сондай-ақ медальды Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша:

1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттікхатшысы;

2) Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ Мемлекет басшысы уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар тапсыра алады.

Жарлық жобасы 2020 жылдың 1 маусымына дейін талқылауда болады.

Толығырақ ...

Қадір түнін ұйқысыз өткізу шарт па?

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Бүгін Рамазан айының қасиетті Қадір түні. Бұл түні жасалған құлшылық пен оқылған дұға қабыл болады, деп жазады baq.kz.

Алайда биылғы түн жылдағыдан өзгеше болып тұр. Жылда жамағат мешітке жиналып, таң арайлап атқанша құлшылық қылатын. Биыл оған әлемді жайлаған жаман індет бой бермей тұр. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да Қадір түнін үйде өткізуге үндеу жариялады.

 Ал үйде бұл түнді қалай өткізген абзал? Қандай дұға оқылады? Қандай құлшылық жасалады? Таң атқанға дейін ұйықтамай отыру міндетті ме? Бұл сұрақтарды Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтан сұраған едік.

– Биыл біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем халықтары үшін үлкен сынақ болып тұр. Алла бұл сынағының да жеңілдігін берсін. Мұсылмандар үшін ең бір қасиетті орын саналатын мешіттердің барлығы жабылды. Осыған орай мешітте өтелетін барлық діни рәсімдер уақытша тоқтатылды. Биыл Рамазан айында жамағатпен оқылатын тарауих намазы да оқылмады. Ауызашарлар берілмеді. Кеше еліміздегі төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін біраз мешіттеріміз қайта ашылып жатыр. Дегенмен, әлі де дерттің қаупі сейілген жоқ. Сондықтан мешітке келу тәртібінде де көптеген шектеулер бар. Әлі де болса мешітте жамағатпен намаз оқуға рұқсат жоқ. "Әр қиындықтың артында жақсылық жасырулы тұрады" деген ардақты пайғамбарымыз. Сондықтан Алладан сабыр, жарылқау тілейміз. Жаратқан иеміз осы сынағынан кейін жақсылығымен қуантқай. 

Бүгін 19-нан 20-на қараған түні – қасиетті Қадір түні. Бұл түннің мың айдан да қайырлы екендігі қасиетті Құран кәрімнің "Қадір" сүресінде айтылған. Осы түні жасаған құлшылығымыз 83 жыл жасалған құлшылықпен теңестіріледі. Яғни 83 жыл жасаған құлшылықтың сауабы жазылады. "Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны", – дейді пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

Сондықтан бұл түнді мейлінше сауапты істермен өткізген дұрыс. Оның біріншісі – намаз оқу. Тәһәджүд намазы, қаза намаздарын, түрлі нәпіл намаздарын оқыған абзал. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы: "Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сеніп, ондағы сауабына кенелемін деген мақсатпен намаз оқыса, онда оның өткен күнәлары кешіріледі", - деген.

Екіншісі – Құран оқу. Білетін сүрелеріңізді қайталап, әсіресе "Қадір" сүресін оқыған жақсы. 

Үшінші – Алладан жарылқау тілеу, кешірім сұрау, тәубаға келу. Атақты әрі беделді хадисші Суфуанус Сәури өзінің бір сөзінде: "Бұл түні дұға етіп, Алладан кешірім сұрап, тілек тілеу – мен үшін намаз оқудан қайырлы. Егер Құран оқып, артынша дұға етіп отырса, тіптен жақсы" деген. Себебі бұл түн – көптеп Аллаға дұға етіп, кешірім тілеу түні.

Төртіншіден – дұғамыздың арасында еліміздің, дініміздің амандығы үшін, мына дерттен ертерек құтқаруын сұрап, дұға тілеуді де ұмытпағанымыз жөн. Әрбір қиындыққа тап болған жандар үшін Алладан жәрдем сұрау да аса сауапты іс. "Е, Алла, сен дұғаларды қабыл етушісің, күнәларды кешірушісің. Менің де дұғаларымды қабыл етіп, күнәларымды кешіре гөр" деген дұғаны оқыған дұрыс.

Кейін "Субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллахил Ғазим", "Астағфирулла", "Әлхамдулилла",  "Аллаһу әкбәр",  "Лә иләһә иллаллаһ" сынды зікірлерді көбірек айту артықтық етпейді.

Енді "Бұл түнді ұйқысыз өткізу шарт па?" деген сауалыңызға келейік. Бұл түн жоғарыда айтқанымыздай, мың айдан да қайырлы. Яғни Алла тағала сіз бен бізге мың "күнде жинайтын сауапты бір түнде жаса да ал" деп отыр. Ендеше мұндай түнде уақытты қалай бос өткізуге болады. Бұл адамзатқа берілген үлкен мүмкіндік қой. Бірақ Қадір түнінің мақсаты ұйқысыз отыру емес, Жаратушыдан дұға тілеп, құлшылық жасап өткізу. Егер кім де кім бұл түні ұйықтамау керек деген оймен кино көріп, ойын ойнап, пайдасыз іспен шұғылданып отырып таңды атыратын болса, ол түннің босқа өткені.

Толығырақ ...

Руслан Жанпейісов бостандыққа шыға салып, желіде видео жариялады

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Блогер Руслан Жанпейісов (Бейбарыс Райымбеков) әкімшілік қамаудан кейін бостандыққа шықты, деп хабарлайды zakon.kz.

Бостандыққа шыққаннан кейін ол Президенттен кешірім сұрады.

"... Құрметті қазақстандықтар, құрметті Президент, бұл сіздерге арналып, көшіріп табысталған менің үндеуім. Бұл үндеу кеше жазылды. Бүгін арнайы тергеу изоляторының қызметкерлері оны қабылдап алды ... ... Бұл үндеуді жасау үшін маған қандай да бір қысым көрсетілген жоқ, мұны мен өзі еркімен, адвокатымның келісімімен жасадым. Оны қазір қуана өзім-ақ баяндап берер едім", - деді Жанпейісов.

Содан кейін ол Қазақстан Республикасының Президентін туған күнімен құттықтап, бұдан былай да қазақстандықтарды елді даму тұрғысында енгізетін жаңашылдықтарымен қуанта беруді тіледі. Ол қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратын Мемлекет басшысының оң бастамалары мен қолға алынған ауқымды іс-жоспарларын да атап өтті.

Ол Қазақ елі мен халқын өте жақсы көретінін айтты. Сонымен бірге ол оппозиционер, қылмыскер және билікке қарсы, оның ішінде ІІМ-ге өш адам емес екенін айтты.

"Менің төтенше жағдай кезінде Шымкенттегі Қапал батыр көпірінен сізге жасаған үндеуімнің арқасында қиын жағдайға тап болуымның себебін түсінемін. Әрине, эмоцияға беріліп, тым қатты айтып, дипломатиялық әдепті сақтай бермейтінімді мойындаймын, ол үшін қатты өкінемін. Мен өз ойымды дұрыстап жеткізе алмағаныма шынында қатты өкінемін. Ол арада ашуланып тұрып, жеке ойымды білдірдім, дегенмен мен әрдайым сізді іштей қолдаймын, мені кешіріңіз, ол үшін шын жүректен өкінемін. Бұл менің тікелей Мемлекет басшысы Тоқаев мырзаға үндеуім", делінеді видеода.

Ол өзінің саясаттан тыс адам екенін және үкімет ісіне ешқашан араласпағанын тағы бір мәрте баса айтты. Оның барлық видеосы полиция қызметкерлерімен болған әңгімеден тұрады.

"Сол күні жетер-жеріне жеткендіктен мен қатты долы болдым, ешнәрсе істемесем де, қандай да бір шатақ-төбелессіз ұсталып, қамауда отырғаныма, ол арадан шыға алмағаныма қатты жындандым. Содан кейін де ащы тілден нешеме түрлі сөз шықты, ол үшін Президенттің алдында ұятты болдым, өйткені мен өте қолайсыз кезде, өте ыңғайсыз уақытта үндеу жасадым. Дегенмен мен ол арада тек субъективті пікірімді білдірдім. Құрметті Тоқаев мырза, менің Президентім, менің осы айтқандарымды дұрыс қабылдап, мені түсінуіңізді сұраймын. Мен билікке қарсылардан тым алшақ адаммын. Ал менің жасап жүргенімдерім әрқашан шын ниеттен, азаматтық позициямнан туындаған, онда да тек мемлекет игілігі үшін әрекеттер", - деді Жанпейісов.

Адвокат Закир Асадовтың facebook-те жариялаған келесі видеосында Жанпейісов ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа үндеу жасайды. Онда ол бұдан былай Қазақстан полиция қызметкерлерін видеоға түсірмейтінін айтып, Ішкі істер министрлігін сынағаны және видеоға түсірген оқиғалары үшін кешірім сұрайды. Блогер полицияның жұмысын сынағаны үшін оны адамдар осы мәселемен айналысатын маман деп қабылдай бастағанын да атап өтеді. Ол енді бұл бағытта жұмыс істемейтінін айтты.

14 сәуірде Шымкентте Руслан Жанпейісовті әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін сот 35 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы үкім шығарды. 
29 сәуірде оның Түркістан облысындағы төтенше жағдайды бұзғаны үшін тағы 5 күнге қамалатындығы белгілі болды. Сондай-ақ оған қатысты құжаттарды қолдан жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.

 

Толығырақ ...

Мақтааралға тасқын сумен ағып келген балықтар жеуге жарамсыз

  • Бөлім:  Қоғам

Сардоба су қоймасынан Мақтаарал ауданы аумағына ағып келген топан судағы балықтар жеуге жарамсыз, деп хабарлайды KAZUS.KZ

Бұл туралы ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертханасы» мамандары жасаған қорытындыға сай мәлім болып отыр. 

Зертхана мамандарының айтуынша, топан судағы балықтардың ішкі ағзаларынан бактериялардың бірнеше түрі бар екені анықталған. 

«Біз 12 мамыр күні су басқан елдімекендердегі балықтардың жарамдылығын анықтау мақсатында 4 дана балықты «Республикалық ветеринариялық зертханасына» жіберген болатынбыз. Бүгін қолымызға сараптама қорытындысы келіп түсті. Осы қорытындыға сай біз су басқан аумақтарда балық аулауға болмайтынын ескертеміз. Сонымен қатар, балық аулау фактілерінің тіркелмеуін қадағалаймыз» , - Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай.

Осыған орай Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы сарқынды сулардағы балықтарды аулап, көзін жою жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ, халық арасында сарқынды судағы балықтарды аулауға, тұтынуға болмайтыны жөнінде насихат жұмыстары жалғасуда.

Толығырақ ...

Енді жұмыссыз ретінде тіркелу рәсімі жеңілдейді

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 255 мың адам жұмысқа орналасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы 2 жылға жасалған жоспар осындай. 4 бағыт бойынша 6 жарым мың инфрақұрылымдық жобаға жұмыссыздар тартылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

Еңбекпен қамту орталығында есепте тұрғандарға басымдық беріледі. Жұмыс берушіге қойылатын талап – жалақы 85 мың теңгеден аз болмауы тиіс.

Қазір өңірлерде 3 жарым мың жоба іске асып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 13 мың адам жұмысқа тұрған. Олардың жартысы – бұрыннан жұмыссыз жүргендер. Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында екі қолға бір күрек тапқандардың саны басым.

Толығырақ ...

Қыркүйектен бастап мұғалімдер жалақысының 50 пайызы көлемінде үстемеақы ала алады

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Педагогтар үстемеақы алуы үшін жаз айларының ішінде аттестаттау рәсімін бітіруіміз керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Педагог мәртебесі туралы» заң аясында биылғы қыркүйек айынан бастап әріптестерімізге үстемеақы алу мүмкіндігі туып отыр. Ол үшін жаз айында тестілеуді, жалпы аттестаттау рәсімін өткізіп алуымыз керек. Болжам бойынша 100 мыңдаған әріптесіміз осы тестілеуге қатысады деп отырмыз. Әрине, біреуі өтеді, біреуі өте алмайды. Қалай десек те, біз ондай мүмкіндікті беруіміз керек. Қыркүйектен бастап аттестаттаудан өткен әріптестеріміз үстемеақы алуы тиіс», - деді Асхат Аймағамбетов министрліктің Facebook парақшасында онлайн режимде өткен аппарат жиналысында.

Сонымен қатар, министр бұған дейін балабақша, колледж педагогтері, директорлар мен олардың орынбасарлары аттестаттаудан өтпегенін және үстемақы алмағанын атап өтті.

«Бұл мәселе көптен бері көтеріліп келді. Мысалы, колледж педагогтары аттестаттаудан өтеді. Бірақ, алған санатына тиісті үстемақы берілмейтін. Мектеп мұғалімдері үстемеақы алады, ал колледж мұғалімдері алмайтын. Балабақша бойынша да осы мәселені әріптестеріміз қанша жылдан бері көтеріп келді. Директорлар мен олардың орынбасарлары туралы тіпті айтудың да керегі жоқ. Олар аттестаттаудан өтпейтін және өтсе де үстемеақы алмайтын. Енді директор мен оның орынбасарлары аттестаттаудан өтіп, нәтижесінде 30-дан 100 пайызға дейін жалақысына қосымша үстемеақы алу мүмкіндігіне ие болады. Балабақша, мектеп, колледж педагогтарына 30-дан 50 пайызға дейін жалақысына қосымша үстемеақы алуға мүмкіндік туып отыр. Бұл қаңтар айынан бастап қосылған 25 пайыз жалақыға қосымша төленеді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Толығырақ ...

Экономикалық өсімді қалпына келтіру жоспары 10 бағыттан тұрады – Смайылов

KAZUS.KZ. Қазақстанның жыл соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспары 10 негізгі бағыттан тұрады, деп жазады baq.kz.

Бұл туралы ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты.

Кешенді жоспар экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыруға, инвестиция тартуға, нақты секторды қолдауға, сервистік экономиканы қалпына келтіруге, сапалы цифрландыруға, сондай-ақ ынталандырылатын ақша-кредит саясатын жүргізуге бағытталған 160-тан астам шараны қамтитын 10 негізгі бағыттан тұрады. Қалыптасқан шаралар экономиканы тұрақтандыруға, оның одан әрі сапалы және тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді, - дейді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, 2020 жылдың соңына дейінгі экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар әзірлеу үшін Үкіметте ауқымды жұмыс атқарған. 

Мемлекеттік органдардың, Ұлттық банктің, "Атамекен" ҰКП және бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен 3 раунд кездесу өткізілді. Жеке сектордың 250-ден астам ұсынысы мұқият қарастырылды. Олар барынша ескерілді. Бірлескен талқылаудан кейін кешенді жоспар жобасына нақты мерзімдер мен қажетті қаржыландыруды айқындай отырып, салалық және жалпы жүйелік шаралар енгізілді, - дейді вице-премьер.

Толығырақ ...

Жеке кәсіпкерлер 6 пайыздық несие алады – Экономика министрі

KAZUS.KZ. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына «Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» бойынша жаңа бағыт енгізілмек. Сөйтіп, шағын және микробизнес өкілдеріне жеңілтелген кредит беріледі, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұл жайында Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

«Субсидиялау есебінен қаржыландыру қолжетімді болады. Мөлшерлеме 6 проценттен аспайды. Несиелер айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін және өндірістік мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін берілетін болады. Бұл микробизнес өкілдерінің үлкен тобын қамтуға мүмкіндік береді. Және микробизнес үшін жаңа формат бойынша оқыту енгізіледі, бұл да қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетеді», - деді министр.

Банктер мен микроқаржы ұйымдарының несиелері бойынша төлемдердің мерзімін ұзартатын салалардың тізбесі кеңейтілді.

«Арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік және салық есептерін жүргізу жеңілдетілетін болады. Жеке кәсіпкерлердің жалдамалы қызметкерлері мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жүктемені төмендету және міндетті төлемдерді төлеуді оңайлату мәселесі пысықталуда. Салық органдарына салық есептілігін алдын ала декларациялау міндеті жүктелетін болады, бұл бизнеске әкімшілік ауыртпалықты азайтады», - деді Р.Дәленов.  

Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін пилоттық режимде «егістіктен сөреге дейін» қаржыландыру тетігі енгізілмек. Бұл аграрлық өнімді тұрақты сатып алу және өткізу жүйесі.

Құрылыс саласын қолдау үшін  «Жұмыспен қамту жол картасы» объектілерін салғанда материалдар тек отандық өндірушілерден алынады.

Логистика саласында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар автобустары қосылған құн салығынан босатылады. 

Толығырақ ...

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ

KAZUS.KZ. Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында еліміздің экономикасын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өнеркәсіпті дамыту қорын құру ұсынылады. Қор арқылы 3 пайыздан артық емес мөлшерлеме бойынша өңдеуші кәсіпорындарға несие беру жоспарлануда», - деді ол.

Сонымен қатар министр Үкімет отандық өндірушілердің тауарларын өткізу бойынша бірқатар шараларды қолдағанын айтты.

«Бұл - мемлекеттік сатып алуда квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында оффтейк келісімшарттар жасау, жеңілдетілген қаржыландыруды алушыларға отандық материалдар мен жабдықтарды пайдалану бойынша міндеттемелерді белгілеу. Олар жеке инвесторлармен лицензиялық келісімшартта бекітілетін болады», - деді Руслан Дәленов.

Оның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде инвестициялық субсидиялар беру тетігі жетілдіріледі.

«Одан басқа, жоғары экспорттық өнім өндірушілердің тасымалдау шығындарын 80 пайызға дейін өтеуді ұлғайту жоспарланып отыр. Қосылған құн салығын жедел қайтару айналым қаражатын ұлғайтуға ықпал етеді», - деді министр.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырған болатын.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу