logoru
logo

Сейсенбі, 10 Наурыз 2020 - KAZUS.KZ

«Бұл – экономикамыз үшін нағыз апат»: қазақстандық сарапшылар мұнай бағасының күрт түсуіне алаңдаулы

  • Бөлім:  Cаясат

KAZUS.KZ. «Қытайдың корпоративтік қарызы да өсіп келеді. Мұның барлығы дағдарыстың бұрыннан болғанын көрсетеді», деп хабарлайды "Sn.kz".

Кеше Қазақстанда мерекелік демалысқа орай биржалар жабық болғандықтан, ақша курсы қандай болуы керек екенін түсіну қиынға соқты. Енді бүгін Ұлттық Банктің алдында екі нұсқа бар. Бұл туралы Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Олжас Төлеуов айтты.

Белгілі экономист Рахым Ошақбаев «Хабар 24» телеарнасында доллар бағасының күрт көтерілуіне орай тікелей эфирде дөңгелек үстел өткізді. Оған Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Олжас Төлеуов және Radius Advisory Lab компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов қатысып, мұнай бағасы мен доллар бағамына қатысты пікірлерімен бөлісті.

Олжас Төлеуовтің айтуынша, мұнай бағасының бұлай құлдырауы 1991 жылдан бері болмаған.

 «Мұнай бағасының бір күнде күрт төмендеуі баға соғысына байланысты орын алды. Бұл – мұнай өндіруді төмендетуге Ресейдің көнбеуіне қарсы жасалған шара. Айналып келгенде, бұл жағдай барлығына әсер етуде, оның ішінде ақша, қаржы нарығына да»,-дейді ол.

Сондай-ақ ол Ұлттық Банктің алдында екі нұсқа бар екенін жеткізді.

«Біріншісі, Ұлттық Банк курсты 385-390 деңгейінде ұстап тұрады. Ол үшін қор, ресурс та жеткілікті. Бұл жағдайда теңге рубльге қарсы күшейе түспек. Екіншіден, Ұлттық Банк курсты еркін айналымға жіберуі мүмкін, бұл – қалыпты тренд. Бұл жағдайда доллар теңгеге шаққанда 400 теңгенің айналасында болуы мүмкін»,-дейді ол.

Ал Radius Advisory Lab компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов әлем елдері бұл жағдайға бір күнде келмегенін, бұл әлемдік экономикадағы бұрыннан қордаланып қалған мәселелердің шыға бастағаны деген ойын білдірді.

«Алдағы уақытта мұнай өндіру көлемі арта бермек, оның үстіне өткен жылы басталған сауда соғысын да ескеруіміз керек. Қытайдың корпоративтік қарызы да өсіп келеді. Мұның барлығы дағдарыстың бұрыннан болғанын көрсетеді. Сондықтан экономика мен қор нарықтары қайта қарауды қажет етеді», - дейді ол.

Сөз арасында Тимур Әбілқасымов Ұлттық Банктің қазіргі курсты ұстап тұруға қоры бар екенін және мұнайдың бірер күнге төмендеуі бізге қауіп төндіре қоймайтынын айтты.

Толығырақ ...

Мұнай бағасы қатты құлдырады, енді бензин қымбаттай ма - министр жауабы

KAZUS.KZ. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев үкімет дәлізінде бензин бағасы алда қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Министр ОПЕК келісімінен Ресейдің шыққаннан кейінгі бұл мәселедегі Қазақстан ұстанымына қатысты көзқарасын білдірді.

Консенсус, өзара келісім - әрқашан барлық тарапқа пайдалы еді. Ендіболары болды, ОПЕК-ке мүше елдер бұдан кейін не істейді, соған қарайтын боламыз, - деді ол.

Сонымен қатар, министр 18 наурыздағы ОПЕК отырысына қатысатын Қазақстанның ұстанымын да атап өтті.

Ол кезде келісімді ұзарту немесе тоқтата тұру мәселе қарастырылмайды. Олар комиссия емес. Бірақ жұмыс тобы арасында оны сөз ететін кез болады. Шешім қабылдауға дайындық дегендей, - деді министр.

Ноғаев бензин бағасына да тоқтала кетті.

Бензин бағасын нарық реттейді. Бүгінгі таңда барлық МӨЗ мұнаймен қамсыздандырылғанғ бензин өндіруге қажетті мұнай өнімдері бар. Алаңдауға негіз жоқ, - деп атап өтті ол.

Шенеуніктің айтуынша, бүгінде барлық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Бірнеше жылдан бері бензин бағасы сұраныс пен ұсыныс арқылы реттеліп келеді. Министрліктің міндеттеріне қажетті мұнай көлемін және нарықты қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету кіреді. Бүгінгі күні барлық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, ешқандай кедергі жоқ. Қажетті мұнай көлемі жеткізіліп жатыр, сонымен қатар нарыққа мұнай өнімдерінің қажетті көлемі де жеткізілуде. Бензиннің сапасы елімізде белгіленген стандарттарға сәйкес келеді. Біздің жоғары сапалы К4, К5 бензинін шығаратынымызды білесіздер, - деп сөзін қорытындылады Ноғаев.

Толығырақ ...

Оңтүстік Кореядан ұшып келген қазақстандықтар карантинге жатқызылды

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Бүгін елімізге коронавирус кеселі ушыққан Оңтүстік Кореядан тағы 200-ге жуық адам келді, деп хабарлайды Ktk.kz.

Олар дереу қоғамнан оқшауланып, Нұр-Сұлтан қаласында карантинге жатқызылды. Дәл осы рейсте жолаушылардың 80 шақтысы – өзге елдің азаматтары.

 Ұшақ ішінде 178 жолаушы бар, оның 85-і – транзитті жолаушылар. 31 адам – Ресей Федерациясының өкілдері, 51 – Өзбекстан азаматтары және үш – Грузия азаматы бар. Қазақстандық 93 азамат, олардың екеуі – бала. Олардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық орталықтарға 14 күнге карантинге жатқызылады.

Соңғы екі күнде бұл Оңтүстік Кореядан Қазақстанға келген екінші ұшақ. Кеше ғана Алматы әуежайы Сеулден ұшып келген рейсті қабылдаған болатын. Бортта 200-ге жуық адам болды, олардың 97-сі – өзге елдің жолаушылары. Атап айтқанда, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея және Тәжікстан азаматтары. Транзиттік жолаушылар әуежайда өз бортын күтіп, еліне ұшып кеткен. Ал қазақстандықтар Алматыда карантинге жатқызылды. Енді жерлестеріміз 14 күн бойы ауруханада жатып, емделеді.

Толығырақ ...

Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін 12 процентке дейін көтерді

KAZUS.KZ. ҚР Ұлттық банкі сыртқы сектор тарапынан болатын тәуекелдердің теріс әсері аясында бағаның тұрақтылығын сақтау қажеттілігіне байланысты базалық сыйақы мөлшерлеме деңгейіне қатысты төтенше шешім қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz.

2020 жылдың 10 наурызынан бастап жылдық базалық сыйақы мөлшерлеме 12% деңгейінде +/- 1,5 процент ауытқу мүмкіндігімен белгіленді. Осыған байланысты ақша өтімділігін қамтамасыз ету үшін өткізу бойынша тұрақты операциялар ставкасы 13,5%, ал алу операциялары бойынша - 10,5% құрайды, делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Базалық сыйақы мөлшерлемесін өсіру туралы шешім әлемдік экономикадағы жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты қабылданды. COVID-19 коронавирусының таралу масштабының кеңеюі Қытай мен Еуропалық Одақ сияқты қазақстандық экспортты негізгі тұтынушы елдердің экономикалық даму перспективаларының нашарлауының негізгі факторы болды.

Brent маркалы мұнайдың бағасы 2020 жылдың 9 наурызында ОПЕК + отырысына қатысушылардың мұнай өндірісін қысқарту туралы келісім-шарттар бойынша келіссөзі сәтсіз аяқталып, мұнай бағасы күрт төмендеді. Әлемдік нарықта қара алтынның бір баррелі 31-36,5 АҚШ доллары деңгейінде болып, бір сәттегі құлдырау 30% құрады. Ұлттық банктің ақша-несие саясаты инфляциялық таргеттеу аясында жүргізіліп, сыртқыдүрбелеңнің ел экономикасына әсерінің алдын алуға, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және теңге активтерін қорғауға бағытталған, делінген хабарламада.

Сонымен қатар Ұлттық банк бұрынғыдай ұлттық валютаның өзгермелі бағамын ары қарай ұстана беретінін де айтады.

Қажет болған жағдайда қаржы жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялар жүүргізіледі.

Ұлттық банк ішкі ақша және валюта сегменттеріндегі, сондай-ақ әлемдік тауар нарықтарындағы жағдайды үнемі қадағалап отырады әрі қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдайды.

қаржылық тұрақтылықтың қосымша шараларын қабылдау.

Ұлттық банктің базалық сыйақы мөлшерлемесі бойынша келесі шешімі 2020 жылдың 16 наурызында Нұр-Сұлтан уақытымен 15: 00-де жарияланады.

10 наурызға дейін базалық сыйақы мөлшерлемесі 9,25% деңгейінде болды.

Толығырақ ...

Асқар Мамин әкімдерге әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруды тапсырды

KAZUS.KZ. Әкімдер тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандырушы қорлардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мақсатында тауарлар интервенциясын жүргізу үшін тұрақтандырушы қорлардың тиімді жұмысын қамтамасыз етсін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру бойынша жұмысты күшейтуі қажет», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр отандық кәсіпорындар тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар ревервтердің бәрін іске қосу керектігін қатаң ескертті.

Толығырақ ...

Данияр Елеусінов әлемнің экс-чемпионымен жұдырықтасады

  • Бөлім:  Спорт

KAZUS.KZ. Mathroom Boxing промоутерлік компаниясы қазақстандық проспект Данияр Елеусіновтің келесі жекпе-жегі туралы ресми мәлімдеді, - деп хабарлайды tengrinews.kz Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.

28 жастағы қазақстандық боксшы 17 сәуірде Оксон-Хиллде (Мэрилэнд штаты, АҚШ) жұдырықтасады. Қарсыласы жартылай орта салмақта үш тұжырым бойынша әлемнің экс-чемпионы намибиялық Джулиус Индонга болады. 

Шоуды DAZN стриминг сервисі көрсетеді. Бокс кешінің басты жекпе-жегінде бірінші орта салмақтағы экс-чемпиондар - америкалық Реджис Прогрейс пен Морис Хуке қолғап түйістіреді. 

Толығырақ ...

Италияда коронавирустан көз жұмғандар саны 463-ке жетті

  • Бөлім:  Әлемде

KAZUS.KZ. Дүйсенбі күні Италияның Азаматтық қорғау ұлттық қызметінің басшысы Анджело Боррелли елде коронавирустан 463 адам көз жұмғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ANSA агенттігіне сілтеме жасап.

Ол Италияда коронавирусқа шалдыққан адамдардың саны 7985-ке жеткенін хабарлады. Елде коронавирусқа шалдығудың 9172 оқиғасы тіркелген.

Осылайша, бүгінде Италия өлімге әкеліп соқтыратын жаңа типтегі вирусқа шалдыққандардың саны жағынан Қытайдан кейін екінші ел болды.

Сонымен бірге, Борреллидің айтуынша, елде 724 адам емделіп шықты. Бұл жексенбі күнімен салыстырғанда 102 адамға көп.

Еске сала кетейік, 21 ақпанда Италияда коронавирустан алғашқы адам қайтыс болды. 78 жастағы ер адам Қытайда пайда болған жаңа коронавирустың алғашқы еуропалық құрбаны болды.

 

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу