logoru
logo

Air Astana 29-наурыздан бастап шетелден қазақстандықтарды қайтаруды тоқтатады

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 126 рет

KAZUS.KZ. Air Astana" әуе компаниясы 29 наурыздан бастап шетелден қазақстандықтарды қайтаруды тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 


Әуе компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, коронавирустың кеңінен таралуына байланысты бірқатар елге кіріп-шығуға шектеу қойылды. Соған қарамастан, "Air Astana" әуе компаниясы 1-23 наурыз аралығында 37 500-ден астам қазақстандықты шетелден қайтарды. Осы айдың соңына қарай елге әкелінетін Қазақстан азаматтарының жалпы саны 40 мың адамға жетеді деп болжанып отыр.

"22 наурыздан 14 сәуірге дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантинге және елдегі төтенше жағдайға байланысты рейстердің 95%-і тоқтатылды (2863 орнына 140 рейс орындалады), және 22 наурыздан бастап барлық ішкі рейстер тоқтатылды, 29 наурыздан халықаралық репатриациялық рейстер тоқтатылады", - делінген ресми хабарламада. 

Халықаралық рейстердің кестесі airastana.comсайтында жарияланып тұрады.16 наурызда коронавирусқа байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған болатын. Ал 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин енгізілді. Cоңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирус дертіне шалдыққандар саны 68 адамға жетті. Оның 35-і Нұр-Сұлтанда, 29-ы Алматыда, 2-і Қарағандыда, 1-і Алматы облысында және 1 жағдай Ақтөбе облысында тіркелген.