logoru
logo

Дүйсенбі, 02 Наурыз 2020 - KAZUS.KZ

Сексуалдық құлдықтан босатылған қазақстандық қыз басынан өткен сұмдықты жайып салды

KAZUS.KZ. Бахрейнде сексуалдық құлдықтан босатылған қазақстандық қыз өзінің бұл елге қалай тап болғанын, сондай-ақ басынан өткен небір сұмдықты айтып берді, деп хабарлайды zakon.kz BaigeNews.kz-ке сілтеме жасап.

Диана (аты-жөні өзгертілген) Алматыда бармен болып жұмыс істегенін, ол кезде небәрі 18 жаста болғанын айтады. Бір күні бір құрбысы оған осындай жұмыспен Бахрейнде де жақсы ақша табуға болатынын, қаласа көмектесе алатынын айтқан. Төлқұжатын туралап, тіпті билетіне ақша да тауып берген. Алайда, Бахрейнге келген кезде, қонақ үйде Диананы бір ер адам күтіп алып, оған қандай жағдайға тап болғанын бірден түсіндірген.

Ол менің кім екенімді білетінін айтты. Олар менің аты-жөнімді, ата-анам тұратын мекенжайды, есімдерін - бәрін атады. Егер мен қашып кетсем немесе өзіммен бірдеңе жасасам, олар жақынарына қиын болады деп қорқытты. Мен басында не болып жатқанын, бұл кісінің кім екенін түсінбедім. Маған ол адамның жеңгетай екенін, ал мені осында шығарып салған құрбым мені сатып жібергенін түсіндірді, - дейді Диана.

Қыздың құжаттары мен төлқұжаты тартып алынып, жоспар орындалмаса үнемі жазалауға уәде берілген. Онымен бірге қонақ үйге Украина, Ресей және Германиядан тағы сегіз қыз осындай алдап-арбау жолымен жеткізілген. Құлдықтың алғашқы күнінде жаңадан түскен қыздардың ұйқысын қандыруға рұқсат берілген, ал кешке олар аукционға шығарылған.

Күніне 20 адамға қызмет көрсету керек болатын. Жұмыс күндізгі үште басталып, таңғы тоғызда ұйықтауға жататынбыз. Кейде мүлдем ұйықтамайтынбыз, өйткені бізді клиенттерге қарай бейімдеп қоя беретін. Қыздар тек қонақүйдің ішінде жүреді, сыртқа шығуға мүлде тыйым салынған, өйткені әрқайсысына күзет қойылған, - дейді бойжеткен.

Бахрейнге келгеннен кейін қыз ағылшын және араб тілдерін үйреніп алыпты. Бірақ ол клиенттерінен көмек сұрауға тырыспапты, өйткені олардың арасында бастығының немесе Папа деп аталатын көшбасшыларының тыңшылары болуы мүмкін екен. Тіпті, қыздар клиентінен ұсақ-түйек, мысалы темекі сұраса да жазаланатын болыпты.

Сондай-ақ есірткіге, алкогольге, тіпті кальян тұтынуға тыйым салынған. Ол саусақтарыңызды кесіп тастаймын немесе менің барлық татуировкаларымды күйдіремін деп қорқытты. Егер клиент бізді бір тәулікке немесе алты сағатқа жалға алса, алкоголь тұтынуға рұқсат берілген. Қыздар, міндетті түрде сақтанатын (жүктіліктен, жұқпалы аурулардан). Бұл міндетті шарт болды. Ал сақтана алмағандарды қатты жазалайтын, - дейді Диана.

Қыздарға отбасымен сөйлесуге тыйым салынбаған, бірақ бәрі бақылауда болатын. Сондықтан Диананың отбасы оны Бахрейнде бармен болып жұмыс істейді деп ойлады. Оның 16 жасынан бастап өзі ақша тауып, еркін жүріп үйреніп қалғанын ескерген олар шетелдегі қызы үшін қатты алаңдамай қоймаған.

Бір күні бізге басқа бір қонақ үйден бір қызды алып келді. Нашар жұмыс істегендіктен оны үнемі ұрып-соғатын және үнемі Папаға жіберілетін. Осындай күндердің бірінде ол Пападан денесі күйген күйінде мең-зең болып шығады. Содан кейін ол шелекті алып, киім-кешектерін бүктеп, үстін сүлгімен орап, басқа бөлмені жинауға кеткен секілді шығып кетеді, ал өзінің орнына балалар үйінде өскен әпкесін қойып кетеді. Осылайша ол киімін ауыстырып, қашып кетті, - деп еске алады өткен күнін Диана.

Қыз қашқан соң қалғандарын басқа қонақ үйге ауыстырады. Жеңгетайлар полицияның келуін күтеді, бірақ олар келмеген. Біраз уақыт өткеннен кейін қашып кеткен қыз қайта оралып, достарына сәл күте тұруларын ескерткен. Расында, көп ұзамай қонақ үйді арнайы қызметтің адамдардың қоршап, қыздармен қоса ондағы адамдардың барлығын түрмеге жапқан. Өзін «менеджер» деп таныстырған Татьяна полицияға Папа мен өзі туралы тіс жарып айтпауды, кейін қыздарды түрмеден алып шығатынын айтып үлгерген. Әрине, ол қашып кеткен. Сондықтан жауап алудың алғашқы екі күнінде Диана жеңгетай мен менеджер туралы тіс жарып ештеңе айтпауды ұйғарады, сол кезде тергеуші оған бір видеоны көрсеткен.

Бас тергеуші Мәриям апай көрсеткен видеода Татьяна мен Папа барлық ақшаны қалай жинап, қашуды жоспарлап жатқандары көрсетілген. Мен шошып кеттім. Мәриямға Папа біздің бастығымыз екенін, бізді қамшымен ұрып, көмірмен күйдіргенін айттым. Ол бір қыздың мұрны мен жыныс мүшелерін күйдірген, - деді Диана.

Көп ұзамай ол басқа отандастарымен бірге Қазақстанға оралды. Алайда, түнгі қорқыныштары көрген түстей артта қалғанымен, Дианаға толық оңалуы үшін әлі ұзақ психологиялық сауықтыру емі қажет.

Толығырақ ...

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавируске қатысты мәлімдеме жасады

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің әрбір азаматын қоғамдық орындарда тазалық ережелерін сақтап, өз денсаулықтарына асқан мұқияттылықпен мән беріп, сақтанып жүруге шақырады.

«Бүгінде бүкіл әлем халқына коронавирус қаупі үрей сеуіп, дерттің өзінен гөрі күннен-күнге өршелене түскен дақпырты мен дабылы дүние жүзін дүрліктіруде. Жаңалықтан да еститініміз, жан-жақтағы жұрттың көбі шекарасын қымтап, қауіптің бетін алған бірқатар сақтық шаралары жүзеге асырылған. Аллаға шүкір, аталмыш дерттің біздің елімізде белгісі де жоқ, шеттен келген азаматтарымыз дін аман», - деп хабарлайды.

Төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дертке немқұрайлық танытып, немкетті қарау – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері бек мүмкін екенін айтады.

«Алла Тағала қасиетті Құранда адамзат баласына: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерту жасаған. Алла берген аманат – өз өміріміз бен денсаулығымызға дұрыс күтім жасамай, қауіп-қатерге көзсіз ұрынар болсақ, түбінде опық жейтініміз сөзсіз. Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде: «Кімде-кім есінесе қолымен аузын жапсын, өйткені зиянды нәрселер аузына кіреді», – деп бұйырған», - дейді хабарламада.

Діни басқарма адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне қатаң түрде тыйым салғанын айтады.

«Сондай-ақ, шариғатта жұқпалы аурулардың жай көзге көрінбейтін зиянды күші барын, білінбей тарайтынын және аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне қатаң түрде тыйым салған. Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда, дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз», - деп хабарлайды.

Толығырақ ...

Еңбек бағдарламасы: Өңірлерде жеңілдетілген несиеге онлайн-өтінім қабылдана бастады

KAZUS.KZ. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардан несие өтінімдерін онлайн қабылдау жұмыстарын бастады. Бұл туралы ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Естеріңізге сала кетейік, бизнес-процестерді автоматтандыру жұмыстары өткен жылы «ҚазАгро» холдингін трансформациялау аясында басталған болатын. Несие алудың онлайн-өтінім жүйесі пилоттық негізде былтыр Холдингтің еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының елордадағы бөлімшесінде іске қосылды.

«Несие алуға ниет еткен азамат өтінімді үйінен шықпай-ақ жібере алады. Бұл әсіресе облыс орталығынан алыс орналасқан шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін өте тиімді болмақ. Өйткені, түрлі шығындар да едәуір қысқарады. Клиент электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен мемлекеттік дерекқорлардан басқа құжаттарды сұратуға келісім береді, сондай-ақ өтінішке, бизнес-жоспарға және несие алу сауалнамасына қол қоюға мүмкіндігі бар. Осының нәтижесінде несие алуға қажетті құжаттардың да саны азаяды. Өтінім келіп түскеннен кейін жүйе клиенттің несие алу мүмкіндігін және Қормен байланысы бар-жоғын тексереді», - делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, онлайн-өтінімде уақыт та үнемделеді. Мәселен егер бұрын екі жұмыс күні сараптама жүргізуге, қорытынды беруге және нәтижелерді несие бөліміне беруге кететін болса, қазір жүйе бұл тексеруді бірнеше минуттың ішінде автоматты түрде жүзеге асырады. Сондай-ақ, клиенттің несие тарихы туралы бірнеше минут ішінде автоматты түрде дайын болған есепті алатын несие бөлімінің өтінімді қарау мерзімі де қысқартылады. Бұл жетістікке жүйені «Мемлекеттік несие бюросы» акционерлік қоғамымен интеграциялаудың нәтижесінде қол жетіп отыр.

«Клиенттерді өтінім берудің жаңа механизмдеріне оқыту үшін аймақтарда онлайн-жүйеге қосылған компьютерлер орнатылған. Осылайша, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының филиалдарында менеджер-кеңесшінің көмегімен клиентке онлайн-жүйенің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылуда. Енді қала және ауыл тұрғындары жеңілдетілген несиеге жылдам қол жеткізеді және қажетті құжаттарды дайындауға, жинауға арналған шығындары азаятын болады», - делінген баспасөз баянында.

Толығырақ ...

ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шаруа лимон өсіріп миллионер атанды

Түркістан облысы Жетісай ауданы Атамекен ауыл округіндегі «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы өткен жылы 10 соттық лимон бағынан 5 тоннаға жуық өнім алған, деп жабарлайды KAZUS.KZ

Жиналған өнімнің әр келісін шаруа 800 теңгеден саудалап, 5 миллионтеңге пайдаға кенелген. Сөйтіп, биыл лимон бағының көлемін тағы да 10 соттыққа ұлғайтыпты. Қазір мұнда көшеттер топыраққа отырғызылып, күтіп-баптауға алынған.

«Лимонның көшеттерін 2016 жылы Өзбекстан елінен арнайы алдырттық. Жылыжай құрып, үшінші жылы 3 тонна, ал биыл 5 тонна өнім алдық. Әр түп шамамен 30-40 келіден өнім берді. Негізінен әр түп лимон 25-30 жыл өнім беруге қауқарлы»,- дейді жылыжай бағбаны Юлдаш Аблазов.

Жалпы, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының иелігінде 17 гектар жер бар. Оның 6 гектарына шабдалы,20 соттығына жүзім, 20 соттығына лимон, 80 мың түп шайлы роза көшеттері егіліпті.Қожалық төрағасы Мұрат Жұмабеков алдағы жылы лимон көлемін тағы да 30 соттыққа арттыруды жоспарлап отыр.

Айта кетерлігі, бұл қожалық тәжірибе ретінде 2 гектар жерге құрма еккен. Алайда сауысқан құсы дақылдың бұл түрінің өсіуіне айрықша кедергі келтіріпті.

Толығырақ ...

Футболдан Қазақстан чемпионатының атауы өзгерді

  • Бөлім:  Спорт

KAZUS.KZ. Футболдан Қазақстан чемпионатының атауына өзгеріс енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы таратқан ақпаратқа сәйкес, жаңа атау Қостанайда өткен атқару комитетінің жиынында қабылданды. «Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы OLIMPBET букмекер компаниясымен серіктестік жөнінде келісімге қол қойды. Серіктестік үш жылға созылып, 2020, 2021 және 2022 жылғы маусымдарды қамтиды. Келісім бойынша қазақстандық жоғары дивизионның жеке логотипі мен ресми атауы 2020 жылдың наурызынан бастап өзгереді. Енді ішкі чемпионаты «OLIMPBET – футболдан Қазақстан Чемпионаты» аталады», - делінген лига ақпаратында.

Сонымен қатар, футболшыларды тіркеудің екінші мерзімінен бастап легионер ойыншылардың жас ерекшеліктеріне қойылатын шектеулер алынып тасталады. Футболшылардың құжаттарын қабылдаудағы қазіргі ереже бойынша Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдердің азаматтарының жас ерекшелігі 1989 жылдан жоғары болмауы тиіс.



Толығырақ ...

Үкіметтегілер медициналық маска жетіспеушілігіне қатысты пікір білдірді

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Үкіметтегілер неліктен дәріханаларда медициналық бетперделердің жетіспей жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Иә, бүгінде расында да медициналық бетперделердің тапшылығы байқалады. Бастапқыда осы мәселе айтылғанда халық дүрлікті. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде осы жағдай. Сондықтан да, әрине, бетперде жетіспеушілігі бар. Мемлекет осы мәселені бақылауға алды. Қазақстанда бетперде жеткілікті болады. Тағы да қайталап айтамын, кейбір дәріханаларда бетперделер жоқ болса, бұл Қазақстан ештеңеге дайын емес деген сөз емес", - деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің айтуынша, қазақстандық компаниялар бір тәулікте 170 мың бетперде шығарып жатыр. Ал бір айда 5 миллион бетперде шығарылып жатыр. Қажет болған жағдайда 6,5 миллион бетперде шығаруға дайын екендерін айтады.

Еске салайық, мұның алдында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елдегі медициналық бетперде тапшылығына қатысты пікір білдіріп, қазақстандықтарға кеңес берген еді.

"Егер сау болсаңыз, сізге бетперде қажет емес. Бүгінде бетпердені медициналық ұйымдарға беруіміз керек. Себебі, ондағы медициналық қызметкерлер түрлі инфекция жұқтырған ауру адамдармен байланыста болады", - деген еді Біртанов үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Толығырақ ...

Қытайда коронавирустан 3 мыңға жуық адам қайтыс болды

  • Бөлім:  Әлемде

KAZUS.KZ. Қытайда коронавирустан қайтыс болғандар саны 2900-ден асты, деп жазады Baq.kz.

Өткен түні 42 адам көз жұмды. Олардың барлығы - Хубэй провинциясының тұрғындары. 80 мыңнан астам адамға COVID-19 коронавирусын жұқтырды деген диагноз қойылды.

2 наурыз күні ҚХР денсаулық сақтау мемлекеттік комитеті жұқпалы аурудан 2912 адам қайтыс болғанын, 80026 адам ауруға шалдыққанын хабарлады.

Қытай Үкіметінің деректеріне сүйенсек, 44462 адам ауруынан айығып, ауруханадан шығарылды. Жалпы ауруға шалдыққандардың 32652-сі әлі де ауырып жатыр.

Толығырақ ...

"Канелоның" келесі айқасы қашан өтетіні ресми мәлімделді

  • Бөлім:  Спорт

KAZUS.KZ. Мексикалық Сауль Альварестің (53-1-2, 36 КО) жаттықтырушысы Эдди Рейносо боксшының келесі жекпе-жегі кіммен және қашан өтетінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

"Канелоның" қарсыласы – WBO нұсқасы бойынша супер орта салмақтағы әлем чемпионы, британдық Билли Джо Сондерс (29-0, 14 КО). Жекпе-жек мексикалық Синко де майо мерекесіне орай ұйымдастырылады. "Канело" өзінің келесі кездесуін 2 мамырда өткізеді. Біз Сондерспен айқасатын боламыз. Жекпе-жек Лас-Вегаста болады, - деп мәлімдеді Рейносо.

Айта кетейік, қыркүйек айында Альварес қазақстандық Геннадий Головкинмен (40-1-1, 35 КО) үшінші рет жұдырықтасады деп күтілуде.

Толығырақ ...

Бюджеттің әлеуметтік шығындары 26% өсті

KAZUS.KZ. Бір жыл ішінде ел бюджетінің әлеуметтік шығындары 26% өскен. Бұл туралы ҚазАқпарат finprom.kz сілтеме жасап хабарлайды.

2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында мемлекеттік бюджет шығындары жылына 19,3 пайызға өсіп, 13,5 трлн теңгені құраған. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, мемлекеттік бюджет шығыны 11,3 трлн теңгені құраған еді, бұл жылына 9,1 пайыз төмен екенін көрсетті.

Соңғы бес жылда мемлекеттік бюджет шығындарының орташа жылдық өсімі жылына 12,6 пайызды құрады. Бұл уақыт аралығында ең үлкен өсім 2017 жылы (жылына 32,3 пайыз) байқалған.

Мемлекеттік бюджет шығындарының ең көп бөлігі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету салаларына жұмсалған, атап айтқанда шығындар көлемі 3,5 трлн теңгені (25,6 пайыз) құрады.

Білім беру және денсаулық сақтау салаларына мемлекеттік бюджеттен 3,5 трлн теңге немесе шығындардың жалпы сомасының 25,6 пайызы жұмсалған.

Сондай-ақ, мемлекеттік бюджеттен бөлінген ең көп шығындар «бестігіне» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (913,7 млрд тг), сондай-ақ көлік және коммуникация (893,6 млрд тг) салалары кірді.

Толығырақ ...

Шымкент пен Түркістанға Еуроодақ елшілері іссапармен келді

  • Бөлім:  Cаясат

KAZUS.KZ. 2-5 наурызда Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон жетекшілігімен ЕО мүше мемлекеттердің елшілері Шымкент және Түркістан қалаларына кластерлік сапармен келеді, деп жазады Baq.kz.

Шымкент қаласына сапары барасында қала әкімі Мұрат Айтенов мырзамен екіжақты кездесу жоспарланған. Күн тәртібінде - Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы әріптестіктің әрі қарай даму мәселелері, ынтымақтастықтың жаңа салаларын белгілеу. Сондай-ақ, делегация мүшелері еркін экономикалық және индустриялдық аймақтардың жетекші кәсіпорындарын аралайды.

Дипломаттар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығы мен   студенттерімен кездеседі. ЕО мүше мемлекеттер Елшілері жастармен Ambassadors Café форматында бейресми түрде кездесіп, ЕО-Қазақстан ынтымақтастығының маңызды тұстарын талқылап, өзінің мансап жолымен, жинақтаған тәжірибесі, және ЕО елдеріндегі білім алу мүмкіндіктерімен бөліседі.

Түркістан қаласында екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын талқылау мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Рашид Аюповпен кездесулер өтеді. Меймандар бизнес жүргізуге жасалған арнайы инвестициялық мүмкіндіктер мен облыстың экономикалық және туристік әлеуетімен таныс болады.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қабырғасында Елшілер студенттермен интерактивті дискуссия өткізіп, Түркістан облысының Халықаралық жастар ресурстық орталығына сапармен барады.

Сонымен қатар, бағдарламада өңірдің мәдени-тарихи көрнекі жерлерін аралау жоспарланған, соның ішінде Қ. Ахмет Ясауи кесенесі, Бәйдібек би ескерткіші және облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бар.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу