logoru
logo

Қазақстанда бірнеше әкім отставкаға кетуге өтініш берді

  • Бөлім:  Cаясат
  • Оқылды 81 рет

KAZUS.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әкімдер арасында кімнің отставкаға кеткенін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін 3 саяси мемлекеттік қызметші отставкаға кету туралы өтініш берді", - деп делінген хабарламада.

Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі ауылдық округ әкіміне қатысты үкім шыққаннан кейін отставкаға беріп, өз еркімен қызметінен босатылды. Ол прокуратура наразылығын қарау бойынша сот шешімін күтпеген.

Ал ауылдық округ әкімі Әлімқұлов қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлігі ("лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану") бойынша өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Оған 505 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының әкімі отставкаға кетті. Оған бағынышты аудандық білім бөлімінің басшысы 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады.

"Білім бөлімінің басшысы болған Сапаров қылмыстық-процестік кодексінің екі бірдей бабы бойынша айыпталып, мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды", - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының әкімі қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы үшін отставкаға берді. Ал Күнеділоваға қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша белгілі бір лауазымдарда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сондай-ақ, ол 12 миллион  теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Алайда Сәтбаев қаласы әкімінің отставкасы қабылданған жоқ, ол сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

"Жақында Қостанай облысы Рудный қаласы аппаратының басшысы Қашар кентінің әкіміне қатысты сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтың тергелуіне байланысты өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазды", - делінген ақпаратта.

Агенттіктің мәліметінше, қазір сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы кезеңінде бірқатар мемлекеттік қызметшіге қатысты қылмыстық іс бар. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда, саяси мемлекеттік лауазымды атқаратын 16 басшы отставкаға беруі тиіс. Оның үшеуі республикалық деңгейдегі басшы болса, үш облыстық, үш қалалық, жеті аудандық деңгейдегі басшы бар.

Бұдан басқа 45 әкімшілік мемлекеттік қызметші бағынышты адамдар сотталған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады, деп толықтырды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.