logoru
logo

Жұма, 15 Мамыр 2020 - KAZUS.KZ

Алматыда қыз зорлады деген күдікке ілінген адам ұсталды

KAZUS.KZ. Алматы қаласы полиция департаменті криминалды полиция басқармасының қызметкерлері іздестіру іс-шарасы барысында тұрғылықты жері жоқ 39 жастағы ер адамды ұстады. Ол зорлық жасағанын мойындады.

Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне бір ай бұрын тіркелген, деп хабарлады sputniknews.kz Polisia.kz порталы.

"Кешкісін бойжеткен Яссауи көшесінің батысында Райымбек даңғылымен үйіне қайтып келе жатқанда белгісіз біреу аңдып тұрған. Қызды жер асты өткелінде қуып жеткен қаскүнем оны құлатып, дене жарақатын салған. Адам аз жүретін жерге сүйреп апарып, қорлаған", - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Арыз түскеннен кейін полиция қызметкерлері жедел-тергеу тобын құрды. Қылмысты ашу және күдіктіні анықтау үшін бірнеше апта бойы арнайы іс-шаралар жүргізілді.

"Жәбірленушінің сөзіне қарап, күдіктінің фотосы жасалды. Қараңғыда қаскүнемнің бет-әлпетін байқап, оның мінез-құлық ерекшеліктерін есте сақтау мүмкін емес екені түсінікті. Алайда бойжеткен қылмысты ашу барысында маңызды рөл атқаратын ақпаратты ұсынды. Күдікті жуырда қолға түсті", - деді Алматы қаласы Әуезов ауданы полиция басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбетов.

39 жастағы ер адамның қалада тұрақты жұмыс орны, тұрғылықты мекенжайы жоқ екені анықталды. Күдікті өз кінәсін мойындады, ол кезде мас болғанын айтты.

Қазір күдікті қамауға алынды. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 120-бабына ("Зорлау") сәйкес, оның кінәсі дәлелденсе, бес жылдан сегіз жылға дейін түрмеге қамалады.

 
Толығырақ ...

Қадір түнін мешітте қарсы алуға бола ма?

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Биыл Қадір түнін мешітте қарсы алуға рұқсат жоқ. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, деп жазады baq.kz.

Осы ретте биыл Қадір түніне мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. Бұл түнді үйде қарсы алу керектігін баса айтқым келеді. Мешіттеріміз ашылғанымен, күндіз, таңғы сағат 07.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін ғана ашық болады. Жоғарыда атап өткенімдей, елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанымен жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ, - деді бас мүфти.

Сонымен қатар, бас мүфти Рамазан айындағы қайырымдылық іс-шараларын атап өтті.

Қасиетті Рамазан айының карантин жағдайында өтіп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл жағдай сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан 100 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасыға қайырымдылық жасалды. Ауызашар асы әлі күнге дейін тегін таратылуда. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы құлшылық жасауға келгендер мешітте қанша уақыт аялдай алатынын айтқан болатын.

Толығырақ ...

Уханьда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны тағы өсуде

KAZUS.KZ. COVID-19 пандемиясының ошағы болған Қытайдың Ухань қаласында ауру белгілері жоқ 11 адамнан коронавирус табылды, деп жазады "Хабар 24". 

Коронавирусты жұқтырғандар Уханьның бірнеше аймағында вирусты тексеру кезінде анықталды. Осыған дейін бұл қаланың барлық тұрғыны індетке тест тапсыратыны хабарланған болатын. 

Мәселен, 13 мамырдың өзінде Уханьда 67026 адам тестілеуден өтті. Ауру белгісі жоқ коронавирус тасымалдаушы 559 адам анықталды, олар медициналық бақылауда.

11 мамырда хабарланғандай, Уханьда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны тағы өсуде. 


Толығырақ ...

Жұмыссыз қалған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемді қалай алуға болады?

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Елімізде жұмысынан айрылған азаматтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем ала алады. Жыл басынан бері аталған төлем 30,5 мың адамға тағайындалса, тек сәуір айының өзінде олардың саны 3,2 мыңға жеткен, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерінде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Жұмыстан босатылған қызметкер МӘСҚ-тен төлем алу үшін төмендегі нұсқаулық бойынша әрекет ету керек:

  • Egov.kz порталында тіркелу;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
  • онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық алаңдарды толтырыңыз және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберіңіз;
  • бір күн ішінде сіздің тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) сізге бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде сізге қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі берілетін болады (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін сізбен ХЖҚО қызметкері хабарласады);
  • жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәліметтер болған кезде Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беруге мобильдік телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

«Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған», - деді министрлік өкілдері.

Толығырақ ...

Шымкентте су деңгейі төмендеді

KAZUS.KZ. Шымкенте жаңбырдың мол жаууынан су тасқыны болып, 63 ауланы су басқан болатын. Қазір су деңгейі төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жаңбырдың мол жаууы және Түркістан облысының Төле би ауданынан арық каналдары арқылы келген судың салдарынан Шымкент бойынша барлығы 38 тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстары бар 63 аула учаскесін су басты, 11 шаруашылық құрылыс (саманнан жасалған) және бір уақытша тұрғын үй құрылысы қирады. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Құтқарушылар эвакуациялау пункттеріне барлығы 331 адамды эвакуациялады, пункттерге орналасқаннан кейін барлық тұрғындар туыстарының үйлеріне оралды» делінген хабарламада.

Мәселен, Еңбекші ауданының Елтай ауылында 38 тұрғын үй мен 60 аула аумағын су басты. Оның салдарынан 11 шаруашылық құрылыс және бір уақытша тұрғын үй құрылысы бұзылды. Құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдары мен ҚР Ұлттық ұланның күштері жоғарыда аталған учаскелерде суды бұру және сорып шығару жұмыстарын жүргізді. Жалпы 7 мыңнан астам текше метр су сорылды. Арықтарды тазалау және тереңдету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Су басу аймағынан 300 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Сондай-ақ, Еңбекші ауданының Откорм ауылында тіреуіш-ауыспалы құрылыста Бадам өзенінің сол жақ жағасын су басты, соның салдарынан екі тұрғын үйдің құлау қаупі туындады. Құтқарушылар күштері 31 адам эвакуациялады. Бадам өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары нәтижесінде су басу қаупі жойылды.

Еңбекші ауданының Абдулабад ауылында шаруашылық құрылыстары бар 3 ауланы су басты. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері осы аулалардан 600-ден астам текше метр суды сорып шығарды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы жеке құрамнан 168 адам, 19 бірлік техника мен 21 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 74 қызметкер мен 55 бірлік техника, ҚР Ұлттық ұланынан 100 әскери қызметші мен 4 бірлік техника жұмылдырылды.

Толығырақ ...

Facebook-те жаңа функция пайда болды

KAZUS.KZ. Facebook әлеуметтік желісінде Messenger Rooms топтық бейнеқоңыраулар сервисі іске қосылды, - деп хабарлайды tengrinews.kz РИА Новости сайтына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, жаңа функция 14 мамырда АҚШ пен Канадада ресми түрде іске қосылды. Компания басшысы Марк Цукерберг әлеуметтік желідегі жеке парақшасында әлем бойынша жаңа қосымшаның іске қосылуы келесі аптаға жоспарланып отырғанын атап өтті.

Сервис коронавирус пандемиясына байланысты бейнеқоңырауларға сұраныстың артуына байланысты жасалған. Мұндай конференцияларды Facebook немесе Messenger қосымшалары арқылы жасауға болады.

"Сіз жеке бөлме (Room) жасай аласыз және сілтеме арқылы бірнеше досыңызды шақыра аласыз. Сондай-ақ өз тобыңыздағы адамның біреуіне сіз жоспарлап отырған шараға арналған бөлме жасауға да мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, барлық досыңыз үшін жаңалық таспасының жоғарғы жағында бөлме жасап, кімнің кіргенін көре аласыз", - дейді Марк Цукерберг.

Messenger Rooms сервисінде уақытқа шектеу жоқ, бөлмеге 50 адамға дейін тіркеуге мүмкіндік бар.

Жақында топтық қоңыраулар Цукерберг компаниясына тиесілі WhatsApp және Іnstagram  әлеуметтік желілерінде де пайда болады.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу